Жүргізушілерге арналған таксидің ақпараттық-диспетчерлік қызметінің
қызметтерін көрсету шарты (жария оферта)
17.11.2026 жылғы редакция
1. Жалпы ережелер
1.1. Осы Шарт «K1 TAXI» ЖШС-ның, БСН 250840015156 (бұдан әрі — Серіктестік), Women & Kids Taxi сервисі (бұдан әрі — Сервис) арқылы такси жолаушыларын тасымалдауға тапсырыстар алғысы келетін жеке тұлғаларға арналған жария офертасы болып табылады.
1.2. Шартты акцептеу — жүргізушілерге арналған қосымшада тіркелу, қосымшаға телефон нөмірі мен құпиясөз арқылы кіру, «Шарттың талаптарын қабылдаймын» белгісін қою және «Қабылдау» батырмасын басу әрекеттерінің жиынтығы. Акцепт сәтінен бастап Шарт жазбаша нысанда жасалған болып саналады (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 152-бабының 3-тармағы, 395, 396-баптары).
1.3. Шарт қосылу шарты болып табылады (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 389-бабы). Шарт қазақ және орыс тілдерінде орналастырылған;
мәтіндер тең мәнді.
1.4. Шарт еңбек шарты болып табылмайды. Жүргізуші Сервистегі жұмыс уақыты мен ұзақтығын өзі айқындайды және такси шақырудың өзге сервистерін пайдалануға құқылы.
2. Ұғымдар
Жүргізуші — өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін қолданатын, жергілікті атқарушы органға такси тасымалдаушысы ретінде қызметті бастағаны туралы хабарлама жіберген және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізіліміне енгізілген, осы Шартты қабылдаған Қазақстан Республикасының азаматы немесе қандас болып табылатын жеке тұлға.
Жолаушы — Сервисте тапсырыс ресімдеген жеке тұлға.
Тапсырыс — Жолаушының Сервис арқылы Жүргізушіге берілген тасымалдауға сұранысы.
Балалар тапсырысы — баланы тасымалдауға оның заңды өкілі ресімдеген тапсырыс.
Баланс — комиссияны төлеу үшін Жүргізуші Сервиске енгізген сома.
Комиссия — осы Шарт бойынша қызметтер үшін Серіктестікке төленетін ақы.
3. Шарттың нысанасы
3.1. Серіктестік таксидің ақпараттық-диспетчерлік қызметі және интернет-платформа операторы ретінде Жолаушылардың тапсырыстарын қабылдайды және оларды Жүргізушіге береді, ал Жүргізуші бұл қызметтерге Комиссия мөлшерінде ақы төлейді.
3.2. Тасымалдау шарты Жүргізуші мен Жолаушы арасында жасалады.
Тасымалдауды Жүргізуші өз атынан және өз жауапкершілігімен жүзеге асырады.
4. Жіберу шарттары
4.1. Жүргізуші мынадай шарттар сақталған кезде тапсырыстар алуға жіберіледі:
1) такси тасымалдаушысы ретінде қызметті бастағаны туралы хабарлама жіберілген, оның нөмірі мен күні профильде көрсетілген;
2) жүргізу өтілі кемінде 5 (бес) жыл;
3) «В» санатындағы жүргізуші куәлігі қолданыста;
4) флюорографиялық тексеру соңғы 12 ай ішінде өткен;
5) автомобиль Жүргізушіге меншік құқығымен немесе өзге заңды негізде тиесілі, техникалық жағынан жарамды, көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандырудың қолданыстағы полисі бар; міндетті сақтандырудың өзге түрлері — заңнамада көзделген жағдайларда;
6) Жүргізуші өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін қолданады.
4.2. Жүргізуші желіге әр шығар алдында рейс алдындағы медициналық тексеруден және автомобильдің рейс алдындағы техникалық тексеруінен, жұмыс аяқталғаннан кейін — рейстен кейінгі медициналық тексеруден өтеді, еңбек және демалыс режимін сақтайды («Автомобиль көлігі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабының 2-1-тармағы). Тексерулер туралы белгілер Сервиске енгізіледі. Ағымдағы ауысымға белгі болмаса, тапсырыстар берілмейді.
4.3. Серіктестік Жүргізушінің құжаттарын жібергенге дейін тексереді және «Автомобиль көлігі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабы талаптарының сақталуын бақылайды (26-баптың 2-2-тармағы). Құжаттардың көшірмелері тексерілгеннен кейін жойылады; тексеру туралы белгі, құжаттың күні мен нөмірі сақталады.
4.4. Жүргізуші 4.1-тармақта көрсетілген құжаттардың мерзімі өткені, кері қайтарылғаны немесе өзгергені туралы Серіктестікке 1 (бір) жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті.
5. Тарифтер
5.1. Такси тарифтерін тасымалдаушы ретінде Жүргізуші белгілейді (Астана қаласының автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларының 105-тармағы). Жүргізуші тарифтерді Сервисте орналастырылған тарифтік торды (1-қосымша) қабылдау арқылы белгілейді. Сапар құны Жолаушыға тапсырыс ресімделгенге дейін хабарланады және тапсырыс расталғаннан кейін ұлғаймайды.
5.2. Жолаушыны күту: Жүргізушінің беру орнына келгені расталған сәттен бастап 3 (үш) минут тегін; одан әрі әрбір басталған минут үшін 50 (елу) теңге; күтудің жалпы уақыты — 10 (он) минуттан аспайды. 10 минут күткеннен кейін Жүргізуші тапсырыстан бас тартуға құқылы (Қағидалардың 104-тармағы).
«Трансфер-аэропорт» тарифі бойынша күту шарттары 1-қосымшада белгіленген.
5.3. Жолаушының тапсырыстан бас тартуы Жүргізуші тағайындалғанға дейін және тағайындалғаннан кейін 3 (үш) минут ішінде тегін.
5.4. Күту ақысы мен бас тарту ақысының сомасы сапар құнының 30 пайызынан аспауға тиіс.
5.5. Жүргізуші беру орнына қосымшада көрсетілген уақыттан 5 (бес) минуттан астам кешігіп келген жағдайда, сондай-ақ тапсырыстан Жүргізуші немесе Серіктестік бас тартқан жағдайда күту және бас тарту ақысы алынбайды.
5.6. Жолаушыдан Сервис есептеген құннан артық ақы алуға тыйым салынады.
6. Есеп айырысу
6.1. Жолаушы сапар ақысын Жүргізушіге тапсырыста көрсетілген тәсілмен төлейді.
6.2. Комиссия күту және бас тарту ақысын қоса алғанда, орындалған әрбір сапар құнының 10 (он) пайызын құрайды. Комиссия сапар аяқталғаннан кейін Баланстан есептен шығарылады.
6.3. Баланс жеткіліксіз болған кезде ол толықтырылғанға дейін Жүргізушіге жаңа тапсырыстар берілмейді.
6.4. Жүргізуші Жолаушыларға қызмет көрсетуден алған табыстарынан салықтар мен әлеуметтік төлемдерді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзі есептейді және өзі төлейді. Серіктестік Жүргізушінің табыстарынан және Баланстан салықтар мен әлеуметтік төлемдерді ұстамайды.
6.5. Жүргізуші өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимі үшін шекті табыстың (күнтізбелік айға айлық есептік көрсеткіштің 300 еселенген мөлшері) сақталуын өзі қадағалайды және ол асып кеткен жағдайда бұл туралы Серіктестікке хабарлайды.
6.6. Шарт бұзылған кезде Баланс қалдығы өтініш берілген күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде орындалған сапарлар бойынша Комиссия шегеріліп, Жүргізушіге қайтарылады.
6.7. Абонементтер бойынша сапарларды Жолаушы Жүргізушіге әрбір орындалған сапар үшін төлейді. Абонемент бойынша сапар құны тапсырыста көрсетіледі және абонементтің мерзімі ішінде өзгермейді; оған үстемеақылар қолданылмайды. Абонемент бойынша тапсырысты қабылдай отырып, Жүргізуші онда көрсетілген құнмен келіседі.
7. Жүргізушінің міндеттері
Жүргізуші:
1) қабылданған тапсырыстарды орындауға; қабылданған тапсырыстан дәлелді себеппен, оны Сервисте көрсете отырып бас тартуға жол беріледі;
2) Жол жүрісі қағидаларын, Жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларын, осы Шарттың талаптарын сақтауға;
3) автомобильді таза және жарамды күйде ұстауға, салонда темекі шекпеуге, жолай жолаушыларды тасымалдамауға;
4) Жолаушыларға сыпайы болуға;
5) желіде болған кезде қосымшада геолокацияны өшірмеуге;
6) Жолаушы туралы мәліметтерді тек тапсырысты орындау үшін пайдалануға, тапсырыс аяқталғаннан кейін Жолаушымен байланыспауға, мәліметтерді үшінші тұлғаларға бермеуге;
7) автомобильді мас күйінде немесе шаршаған күйде басқармауға міндетті.
8. Балалар тапсырыстары
8.1. Балалар тапсырыстары профильде «Балалар тапсырыстарын қабылдаймын» белгісін қойған Жүргізушіге мынадай шарттар сақталған кезде беріледі:
1) автомобильде тапсырыста көрсетілген топтағы автокресло (ұстап тұратын құрылғы) орнатылған;
2) Жүргізуші соттылығының жоқ екені туралы анықтама ұсынған; Сервисте тексеру туралы белгі мен күні сақталады, анықтаманың көшірмесі жойылады.
8.2. Балалар тапсырысын орындау кезінде Жүргізуші:
1) Сервис арқылы баланың отырғаны және түскені туралы фотоесеп жібереді;
2) баланы тек тапсырыста көрсетілген тұлғаға тапсырады;
3) мұндай тұлға болмаған жағдайда баланы қалдырмайды, заңды өкілімен, ал бұл мүмкін болмаған жағдайда — диспетчермен байланысады және оның нұсқауы бойынша әрекет етеді;
4) автомобильге өзге жолаушыларды отырғызбайды және тапсырыста көзделмеген аялдамалар жасамайды.
8.3. Жүргізуші тасымалдау кезінде баланың өмірі мен денсаулығы үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.
9. Серіктестіктің міндеттері
Серіктестік:
1) Жолаушылардың тапсырыстарын Жүргізушіге беруге;
2) тапсырыс ресімделгенге дейін Жолаушыны сапар құны туралы хабардар етуге;
3) қолдау қызметінің жұмысын және Жүргізушінің диспетчермен байланысын қамтамасыз етуге;
4) Жүргізушінің өтініштерін 10 (он) жұмыс күні ішінде қарауға;
5) Шарттың және тарифтік тордың өзгергені туралы Жүргізушіні олар қолданылғанға дейін 10 (он) күнтізбелік күннен кешіктірмей хабардар етуге міндетті.
10. Дербес деректер және геолокация
10.1. Жүргізушінің дербес деректерін өңдеу қосымшада берілген келісімдер және Құпиялылық саясаты негізінде жүзеге асырылады.
10.2. Жүргізушінің геолокациясы тек желіде болған және тапсырысты орындаған уақытта жазылады. Сақтау мерзімдері Құпиялылық саясатында көрсетілген.
10.3. Сапарлар мен геолокация туралы мәліметтер Серіктестіктің картографиялық сервистерін, оның ішінде басқа ұйымдарға ұсынылатын сервистерді жасау және жетілдіру үшін иесіздендіріледі (анонимденеді).
Иесіздендірілген мәліметтер Жүргізушіні анықтауға мүмкіндік бермейді.
10.4. Медициналық тексерулердің нәтижелеріне тек Серіктестіктің уәкілетті қызметкерлері қол жеткізе алады.
11. Қол жеткізуді шектеу және шағымдарды қарау
11.1. Серіктестік мынадай жағдайларда Жүргізушіге тапсырыстар беруді тоқтата тұруға құқылы:
1) 4-бөлімде көрсетілген құжаттардың мерзімі өткенде немесе олар болмағанда;
2) рейс алдындағы медициналық немесе техникалық тексеру туралы белгі болмағанда;
3) Жолаушының қауіпсіздікті бұзу, дөрекілік, мастық жағдайы туралы расталған шағымы болғанда;
4) Шарттың 7 немесе 8-бөлімі бұзылғанда;
5) Баланс жеткіліксіз болғанда.
11.2. Тоқтата тұру туралы Жүргізуші себебі көрсетіле отырып қосымшада хабардар етіледі. Жүргізуші 3 (үш) жұмыс күні ішінде қарсылықтарын ұсынуға құқылы; автоматты түрде қабылданған шешім Жүргізушінің талабы бойынша Серіктестік қызметкерімен қайта қаралады («Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 19-1-бабы).
11.3. Шартта айыппұлдар көзделмеген. Тараптың кінәсінен келтірілген залал Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтеледі.
12. Жауапкершілік
12.1. Жүргізуші Жолаушы алдында тасымалдау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.
12.2. Серіктестік Шарт бойынша өз міндеттемелерін орындау үшін жауапты болады. Серіктестік тасымалдаушы болып табылмайды және тасымалдау кезіндегі Жүргізушінің әрекеттері үшін жауап бермейді.
12.3. Серіктестіктің Жүргізуші алдындағы жауапкершілігі міндеттемелерді қасақана бұзу жағдайларын қоспағанда, соңғы күнтізбелік айда ұсталған Комиссия сомасымен шектеледі.
13. Мерзімі, өзгерту және бұзу
13.1. Шарт акцепт сәтінен бастап мерзімсіз қолданылады.
13.2. Шарттың жаңа редакциясы оны Жүргізуші қосымшада қабылдағаннан кейін қолданылады.
13.3. Жүргізуші қосымшада хабарлама жіберіп, Шартты кез келген уақытта бұзуға құқылы.
13.4. Серіктестік Жүргізушіні 10 (он) күнтізбелік күннен кешіктірмей хабардар етіп, ал автомобильді мас күйінде басқарған, баланың қауіпсіздігін бұзу расталған немесе 7-бөлім жүйелі түрде бұзылған жағдайларда — хабарлаған сәттен бастап Шартты бұзуға құқылы.
14. Даулар
14.1. Шарт Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.
14.2. Даулар келіссөздер жолымен, ал келісімге қол жеткізілмеген жағдайда — Серіктестіктің орналасқан жеріндегі сотта шешіледі.
15. Деректемелер
«K1 TAXI» ЖШС, БСН 250840015156
Астана қ., Сарыарқа даңғылы, 31/2, 257-кеңсе
Тел.: +7 700 409-92-57, e-mail: k1womenkids@gmail.com
1-қосымша. Тарифтік тор
1. «Lady»: беру — 1 000 теңге; әрбір километр — 250 теңге. Сапардың ең төменгі құны — 1 000 теңге.
2. «Kids»: беру — 2 000 теңге, 3 км кіреді; әрбір келесі километр — 180 теңге; автокресло — 500 теңге.
3. «Трансфер-аэропорт» (рейстің нақты уақытына беру): беру — 9 000 теңге, 10 км кіреді; әрбір келесі километр — 150 теңге;
түнгі үстемеақы қолданылмайды;
60 минут күту кіреді, одан әрі әрбір толық минут үшін 100 теңге;
тақтайшамен қарсы алу — 300 теңге. Күту және бас тарту ақысының сомасы сапар құнының 30 пайызынан аспайды (5.4-тармақ).
4. «Мектеп» абонементі (баланы кесте бойынша мектепке, балабақшаға немесе үйірмеге апарып-әкелу; абонементке өтінім-шартпен ресімделеді): бір жаққа сапар — 5 000 теңге, 10 км кіреді; әрбір келесі километр — 500 теңге. Сапар құны өтінім-шартта көрсетіледі және абонемент мерзімі ішінде өзгермейді. Ақы әрбір орындалған сапар үшін төленеді.
5. Үстемеақылар: түнгі уақыт — ×1,2 (сағаттары — Сервисте); қолайсыз ауа райы — ×1,3; қарбалас уақыт — ×1,2 (диспетчер қосады).
Қолданыстағы коэффициенттердің ең үлкені қолданылады, коэффициенттер бір-біріне көбейтілмейді. Үстемеақылар абонементке қолданылмайды.
Үстемеақы қосылған құн Жолаушыға тапсырыс расталғанға дейін хабарланады.
6. «Lady» және «Kids» тарифтері бойынша күту — 5.2-тармаққа сәйкес.